Нақтырақ айтсақ, бүгін Қазақстан сапынан 16 боксшы шаршы алаңға шығады. Оның ішінде 11-і әйел болса, 5-еуі ер боксшы.
Бүгін әйелдер құрамасынан 48 келі салмақта қазақстандық Ақбота Болат түркиялық Рабия Топуз жұдырықтасса, 50 келі салмақта Елянур Турганова тағы бір Түркия боксшысы Эриван Барутпен қолғап түйістіреді. Ал осы салмақта Гүлнар Тұрапбай Болгария спортшысы Златислава Шукановамен кім мықтыны анықтайды.
52 келі салмақта Жансая Рахымберді түркиялық Еда Нур Киличчимен, 54 келіде Әнел Сақыш англиялық Лаурен Мэккимен жекпе-жекке шығады.
57 келі салмақта екі бірдей боксшымыз шаршы алаңға шығады. Атап айтсақ, Ұлжан Сәрсенбек түркиялық Пинар Бенекпен, ал Айдана Забынбекова Англия боксшысы Самина Тоусаинтпен қолғап түйістіреді.
Ал 60 келі салмақта да қос бұрымды аруымыз сынға түседі. Бұл салмақта Анар Тұрсынбек Коста-Рика боксшысы Донжета Содикумен, Римма Волосенко грекиялық София Легакимен шеберлік байқасады.
63 келіде Лаура Есенкелді Грекия боксшысы Ольга-Павлина Пападатумен, 66 келіде Ұлдана Таубай тағы бір түркиялық Берфин Кабакпен өзара мықтыны анықтамақ.
Ал ерлер арасында 71 келі салмақта қазақстандық Фарух Тоқтасын Англия боксшысы Патрик Хьюитпен қолғап түйістірсе, 86 келіде Нұрбек Оралбай – Тигн Скоттпен (Англия), Бекзат Нұрдәулетов – Абулае Траоремен (Франция) сынға түседі.
Ал аса ауыр салмақта (+92 кг) Нұрлан Сапарбай қытайлық Жень Вей Уангпен жұдырықтасса, Айбек Оралбай Ирландия боксшысы Годстим Идемудиаға қарсы жұдырықтасады.
Күндізгі сессия 17:00-де, кешкі сессия 20:30-да басталады.
Естеріңізге сала кетсек, кеше жарыстың екінші күні ағайынды Айбек пен Нұрбек Оралбайлар, Бекзат Нұрдәулетов, Мұхамедсабыр Базарбайұлы алғашқы жекпе-жектерін өткізіп, бәрі де жеңіске жеткен болатын.
https://kaz.inform.kz/news/strandzha-2025-bugn-sharshi-alanda-kmder-zhudiriktasadi-4ad499/